«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

 

39-бап. Исламдық бағалы қағаздарды шығарудың ерекшеліктері

Ислам банкі:

1) артықшылығы бар акцияларды қоспағанда, ақцияларды;

2) сыйақының кепілдік берілген мөлшерін немесе құнынан пайыз түрінде сыйақы төлеуді көздейтін облигацияларды немесе өзге де борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге де бағалы қағаздарды шығаруға құқылы.

 

40-бап. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды банктік қаржыландыру

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы коммерциялық кредит туралы шарт негізінде тауарды сатып алушыға немесе сатушыға тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыруға құқылы.

2. Коммерциялық кредит туралы шартқа осы бапта көзделген ерекшеліктер және осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттар ескеріле отырып, тауарларды кредитке (төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу арқылы) сатып алу-сату шартының қағидалары қолданылады.

3. Коммерциялық кредит туралы шартта:

тауардың атауы және мөлшері;

тауарға үстеме бағаның мөлшері, коммерциялық кредиттің талаптары (төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу) көрсетіле отырып, сатып алушы исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалынан тауар сатып алатын баға қамтылуға тиіс.

4. Егер коммерциялық кредит туралы шартта өзгеше көзделмесе, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сатып алушыға тауарды сату бағасы сатушыдан тауарды сатып алу бағасы мен тауарға үстеме баға сомаларынан құралады. Тауарға үстеме баға тіркеп-белгіленген сома немесе сатушыдан тауарды сатып алу бағасының пайызы түрінде белгіленуі мүмкін.

5. Тауарды сатып алу кезінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сатушымен жасалған сатып алу-сату шартында тауардың коммерциялық кредит туралы шарт жасасу үшін сатып алынатынын көрсетуге міндетті.

6. Коммерциялық кредит туралы шарт бойынша бір мезгілде сатып алушы болатын сатушыдан тауарды сатып алуға жол берілмейді. Тауарды сатушы мен исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы арасында жасалған сатып алу-сату шартында:

тауарға алдын ала ақы төлеу;

сатып алынған тауарды белгілі мерзімде қайтару және тауардың сатып алу бағасын қайтару талаптары көзделуі мүмкін.

7. Коммерциялық кредит туралы шартта сатып алушының тауарға ақша немесе өзге мүлік кепілімен ақы төлеу бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету талаптары көзделуі мүмкін.

8. Коммерциялық кредит туралы шарттың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкестігі туралы исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) қорытындысы, егер мыналар:

1) дайындалатын қайта өңдеу өнімдері, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік;

2) бөлініп алынатын жемістер, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ мүлікті пайдалану, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету нәтижесінде алынатын (өндірілген) өзге де ұқсас өнімдер түрінде тауарларды сатып алу көрсетілген шарттың нысанасы болып табылса, талап етіледі.

9. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және осы баптың 8-тармағында көрсетілген тауарды өндіруші (дайындаушы) болып табылатын сатушы арасында жасалған коммерциялық кредит туралы шартта тауарды тараптардың келісімінде айқындалған мерзімде беру (беру мерзімін кейінге қалдыру) талабымен сатып алынатын тауарға дереу ішінара немесе толық ақы төлеу (аванс түріндегі коммерциялық кредит) көзделуі мүмкін.

Тауар өндірушіге (дайындаушыға) коммерциялық кредит беру кезінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және тауарды тікелей сатып алушы арасында жасалған сатып алу-сату шартында тауарды тараптардың келісімінде айқындалған мерзімде беру (беру мерзімін кейінге қалдыру) талабымен тауарға дереу ішінара немесе толық алдын ала ақы төлеу туралы талаптар көзделуі мүмкін.

10. Осы баптың 8-тармағында көзделген коммерциялық кредит туралы шарт жасалған жағдайда исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және тауар өндіруші (дайындаушы) арасындағы қарым-қатынастарға мердігерлік, тауар беру, келісімшарт жасау, өтелетін қызметтер көрсету туралы қағидалар немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, осы қарым-қатынастарға сәйкес келетін міндеттеме туралы басқа да қағидалар қолданылады.

 

41-бап. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды банктік қаржыландыру

1. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды банктік қаржыландыруға осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 40-бабының ережелері қолданылады.

Осы баптың мақсаттары үшін исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалынан тауарды сатып алатын және оны кейіннен үшінші тұлғаға сататын жеке немесе заңды тұлға исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын көрсетілген банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті деп аталады.

2. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру деп мынадай талаптар сақтала отырып, коммерциялық кредит туралы шарт бойынша жүзеге асырылатын мәміле танылады:

1) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын көрсетілген банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті коммерциялық кредит туралы шарттың тараптары болып табылады. Коммерциялық кредит туралы шартта исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті тауарды кейіннен сатуды жүзеге асыратын үшінші тұлға (осы баптың мақсаттары үшін - үшінші тарап) көрсетіледі;

2) коммерциялық кредит туралы шарт бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиентінің тауарды сатып алуы, сондай-ақ көрсетілген клиенттің тауарды үшінші тарапқа кейіннен сатуы исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қатысуымен жүргізіледі;

3) коммерциялық кредит исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалынан клиент сатып алған тауарды үшінші тарапқа өткізуі шарттарымен беріледі.

Коммерциялық кредит туралы шарт бойынша өткізілген тауарға меншік құқығы коммерциялық кредит туралы шарт жасалғаннан кейін дереу үшінші тарапқа өтеді. Үшінші тараптың тауардың ақысын төлеуі тауар мен тауардың құжаттары өзіне берілгеннен кейін кідіртілместен, мұндай тауарды исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тауар берушіден сатып алу бағасы бойынша жүргізіледі;

4) коммерциялық кредит туралы шартта тауар ретінде халықаралық тауар биржаларында өткізілетін және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы халықаралық тауар биржаларында не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі биржадан тыс нарықта сатып алатын тауар айқындалады. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және олардың клиенті сол бір тауарды коммерциялық кредит туралы бірнеше шарт бойынша бір мезгілде сатуды жүзеге асыруға құқылы емес;

5) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті коммерциялық кредит туралы шартта көрсетілген тауарды исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының үстемақысын есепке алмастан, коммерциялық кредит туралы шартта көрсетілген көлемде және баға бойынша үшінші тарапқа кейіннен сатуды жүзеге асырады;

6) тауарды исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына сатуды жүзеге асыратын тауар сатушы тауарды кейіннен сату жүргізілетін үшінші тарап бола алмайды;

7) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, олардың клиенті және үшінші тарап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес өзара байланысты тараптар болып табылмайды.

3. Осы баптың 2-тармағы 4) тармақшасының мақсаттары үшін мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін тауар биржасы халықаралық тауар биржасы деп танылады:

тауар биржасы тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес тәуелсіз рейтингі бар мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асырады;

тауар биржасында жасалған биржалық мәмілелердің көлемі мен саны жөніндегі ақпарат Дүниежүзілік биржалар федерациясының интернет-ресурсында орналастырылған статистикалық есептерде жарияланады.

Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру шеңберінде тауарды сатып алу және сату жүргізілетін халықаралық тауар биржаларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

 

42-бап. Өндірістік және сауда қызметін заңды тұлғалардың капиталына қатысу арқылы және (немесе) әріптестік шарттарымен банктік қаржыландыру

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы кіріс алу немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсатқа қол жеткізу мақсатымен әріптестік туралы шарттың негізінде өндірістік және сауда қызметін қаржыландыруға құқылы.

2. Әріптестік туралы шартта заңды тұлғаны құру туралы талап (заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шарт) көзделуі мүмкін.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қолданылмайды.

3. Әріптестік туралы шарт көрсетілген шарттың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкестігі туралы исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің оң қорытындысы алынғаннан кейін жасалуы мүмкін.

Осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарды бұзу:

әріптестік туралы шартты мерзімінен бұрын бұзуға;

әріптестік туралы шарт негізінде құрылған заңды тұлғаны таратуға немесе исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің өзіне тиесілі акцияларды, заңды тұлғаның капиталына қатысу үлестерін иеліктен шығаруға;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының алынған кірісті қайырымдылыққа бағыттауына негіз болады.

4. Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) осы бапта көзделген ерекшеліктері бар бірлескен қызмет туралы шарттың қағидалары қолданылады.

5. Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартта (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартында):

бірлескен қызметтің мақсаты;

шарттың қолданылу мерзімі немесе олардың туындауына байланысты шарт тоқтатылатын талаптар;

бірлескен қызметтен түскен кірісті бөлу тәртібі және кезеңділігі;

қатысушының шарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы;

бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін жай серіктестіктердің қатысушыларының әрқайсысы енгізген мүліктің тізбесі, түрлері және құны туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген шартта өзгеше көзделмесе, жай серіктестіктерге қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін енгізілген мүліктің құнына пропорционалды түрде айқындалады.

Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартта (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартында) бірлескен қызметтен алынған кіріс бөлігін қайырымдылық мақсаттарға пайдалану туралы талап көзделуі мүмкін.

6. Бірлескен қызметтен түскен кіріс, заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) қатысушылардың жалпы шығыстары мен залалдары, егер көрсетілген шартта өзгеше көзделмесе, ортақ мүліктегі үлеске пропорционалды түрде бөлінеді.

Бірлескен қызметтен түскен көрсетілген кіріс күтілетін кіріс ескерілмей, нақты нәтижелер бойынша бөлінуге тиіс.

Жай серіктестікке қатысушының кірісі тіркеп-белгіленген ақша сомасы түрінде белгілене алмайды.

Жай серіктестіктің ортақ мүлкі жеткіліксіз болған кезде оған қатысушылар заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) байланысты міндеттемелер бойынша ортақ мүліктегі үлестерге пропорционалды түрде жауапты болады.

7. Егер әріптестік туралы шартта және (немесе) осы баптың қағидаларында өзгеше көзделмесе, заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шартқа тиісті ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғаның құрылтай шарты (заңды тұлғаны құру) туралы қағидалар қолданылады.

8. Заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шартта осындай шарт (құрылтай шарты) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтерден басқа, әріптестіктің мақсаттары мен мерзімдері туралы мәліметтер, ұйымның кірісін әрбір қатысушы енгізген үлеске пропорционалды түрде бөлу туралы талап қамтылуға тиіс.

9. Заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шарттың қағидалары әріптестіктің мақсаты көрсетілген заңды тұлғаның өндірістік немесе сауда қызметін қаржыландыру болып табылатын елеулі талап болған жағдайда, заңды тұлғаның акцияларын, капиталына қатысу үлестерін сатып алу оның талаптары болып табылатын әріптестік жағдайларына да қолданылады.

 

43-бап. Мүлік лизингі (жалдау) шарттарымен банктік инвестициялық қызмет

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы банктік инвестициялық қызметті мүлік лизингі (жалдау) шарттарымен жүзеге асыруға құқылы.

2. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының мүлік лизингі (жалдау) шарттарымен банктік инвестициялық қызмет шеңберіндегі қатынастарына осы бапта көзделген ерекшеліктері бар қаржы лизингі немесе мүлікті жалдау туралы қағидалар қолданылады.

3. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкпен, Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен жасалатын мүлік лизингі (жалдау) талаптарымен банктік инвестициялық қызмет шартында жалға алынатын мүлікті сатып алу құқығы көзделмеуі мүмкін.

Көрсетілген шарттың нысанасы болып табылатын мүлікке меншік құқығы жекелеген келісімнің негізінде лизинг алушыға (жалдаушыға) өтуі мүмкін.

4. Мүлік лизингі (жалдау) талаптарымен банктік инвестициялық қызмет шарты исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларға сәйкес жасалады және егер исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының жарғысында (ережесінде) және (немесе) ішкі қағидаларында өзгеше көзделмесе, исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) бөлек бекітуін және (немесе) келісуін талап етпейді.

5. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкімен жасалатын мүлік лизингі (жалдау) талаптарымен банктік инвестициялық қызмет шартында лизингтік төлемдерге ақы төлеу (жалдау төлемі) жөніндегі міндеттемелерді мүлік кепілімен қамтамасыз ету туралы талап көзделуі мүмкін.

 

44-бап. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезіндегі агенттік қызмет

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде агенттік қызметті жүзеге асыруға құқылы, оған сәйкес олар өз клиентінің агенті болады не үшінші тұлғаны өзінің агенті етіп тағайындайды.

Агенттік келісімге сәйкес агент клиенттің атынан және оның тапсырмасы бойынша не өз атынан, бірақ клиенттің тапсырмасы бойынша және соның есебінен өзінің жеке тәжірибесі мен білімі негізінде сыйақы үшін кіріс алуға бағытталған белгілі бір заңды іс-қимылдар жасауға міндетті болады.

2. Агенттік келісімге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде оның талаптарына қарай осы бапта көзделген ерекшеліктері бар тапсырма немесе комиссия шарты туралы қағидалар қолданылады.

3. Жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде банктер және өзге қаржы ұйымдары исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен жасалған агенттік келісім бойынша тараптар (клиент не агент) ретінде бола алады.

4. Агенттік келісімде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде:

агенттің сыйақысын айқындау және төлеу тәртібі белгіленуге тиіс;

клиент кірісінің кепілдік берілген мөлшері көзделмейді.

5. Агенттік келісім бойынша агент исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде сыйақы алу құқығын агенттік келісімнің орындалу нәтижелеріне қарамастан сақтайды.

Агенттің кінәсінен залалдар туындаған жағдайларды қоспағанда, агенттің қызметі нәтижесінде келтірілетін залалдар тәуекелін исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде агенттік келісімнің клиенті көтереді.

 

 

8-тарау. КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

45-бап. Банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері

1. Мыналар банктің басшы қызметкерлері деп танылады:

1) басқару органының басшысы мен мүшелері;

2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;

3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;

4) банктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де банк басшылары;

5) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.

Банктің оқшауланған бөлімшелерінің бірінші басшылары және олардың бас бухгалтерлері және бас бухгалтерлердің орынбасарлары, сондай-ақ банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар және тек бір құрылымдық бөлімшенің қызметіне бақылауды жүзеге асыратын адамдар банктің басшы қызметкерлері болып табылмайды.

2. Мыналар Қазақстан Республикасының резидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылады:

1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;

2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;

3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;

4) еншілес ұйымдардың немесе банк холдингі капиталға қомақты қатысатын ұйымдардың қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын өзге де басшылар;

5) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының резидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.

3. Мыналар Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылады:

1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;

2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;

3) бас бухгалтер;

4) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.

4. Мыналар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері деп танылады:

1) филиал басшысы және оның орынбасарлары;

2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де филиал басшылары;

3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;

4) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кемінде екі басшы қызметкері Қазақстан Республикасының резиденті болуға тиіс.

Осы Заңның 16-бабының 2-тармағы 7) тармақшасының және 126-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының мақсаттары үшін басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері, атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері, бас бухгалтер Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басшы қызметкерлері деп танылады.

5. Банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар және оларды келісу тәртібі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленеді.

6. Адам уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған және банкке осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген қадағалап ден қою шарасы қолданылған жағдайда, банк уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған адамның «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сай келуін растайтын, басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісім алу үшін құжаттарды уәкілетті орган белгілеген мерзімде ұсынуға міндетті.

Банк құжаттарды уәкілетті орган белгілеген мерзімде ұсынбаған кезде уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған адаммен еңбек шартын бұзуға және (немесе) осы адамның өкілеттігін тоқтату бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.

Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингтері мен банк филиалдарына қолданылады.

7. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысы мен мүшелері, атқарушы органының басшысы мен мүшелері «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс. Көрсетілген талаптарға сай келген жағдайда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысы мен мүшелері, атқарушы органының басшысы мен мүшелері уәкілетті органның келісімінсіз лауазымға тағайындалады (сайланады).

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органның талап етуі бойынша басқару органының басшысы мен мүшесі, атқарушы органның басшысы мен мүшесі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оларды қызметтен шеттетеді.

Уәкілетті банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысына (мүшесіне), атқарушы органының басшысына (мүшесіне) осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген қадағалап ден қою шарасын қолданған жағдайда, осы ұйым осы адаммен шартты бұзуға және (немесе) оның өкілеттігін тоқтату бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымы болып табылатын ұйымның атқарушы органының басшылары үшін «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында белгіленген жұмыс өтіліне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы жұмыс өтілі де қосылады.

8. Лауазымдық міндеттеріне банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға байланысты мәселелерге жетекшілік ету кіретін Ұлттық пошта операторының атқарушы органының мүшелері Ұлттық пошта операторының басшы қызметкерлері деп танылады.